Дәрігердің баға жетпес көмекшісі

Мейірбикелер - денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды әрі ажырамас бөлігі. Әрбір науқастың күтімі осы сала мамандарына тікелей байланысты. Дімкәс жандарға демеу боп, дертіне дауа табу, шипа дарыту олардың басты мақсаты. Ең жауапты, қиын да қарапайым, әрі адалдықты қажет ететін маманның бірі №3 қалалық емхана хирургия бөлімі, травматология кабинетінің мейірбикесі Нүргүл Жарменова.
1978 жылы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген ол бала кезінен мейірбике болуды армандаған. Бала арманын жүзеге асыру үшін мектептен кейін Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түседі. Оқуды тәмәмдаған соң, туып өскен жеріндегі Сырдария аудандық ауруханасында балалар бөлімінің мейірбикесі болып жұмыс істейді. Мұнан кейін Нүргүл Батырбекқызы еңбек жолын Қызылорда қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде мейірбике болып жалғастырады. 2012 жылдан бастап №3 қалалық емханада травматология кабинетінің мейірбикесі қызметін атқарады. Жоғары санатты мейірбике халықтың тек алғысына бөленіп келеді. Мейірімді мейірбике Нүргүл Жарменова емхананың «Үздік мейірбикесі» номинациясын алуы да бекерден-бекер емес.  Ол ем-доммен қатар, жүрек жылуын сыйлайтын дәрігердің баға жетпес көмекшісі.  
Өзіне жүктелген міндетті уақытында орындайтын ақ халатты абзал жанның жолдасы Қанжарбай Әбішов №4 қалалық емханада рентген-лаборант болып жұмыс істейді. Төрт бала тәрбиелеп отырған медицина саласының мамандары жұмысқа да, бала тәрбиесінде жауапкершілікпен қарайды.
12 қазан 2020 ж. 15