Темірдей төзім мен үлкен жүрек иесі


Темірдей төзім мен үлкен жүрек иелерінің бірі – әлеуметтік қызметкерлер. №3 қалалық емхананың әлеуметтік қызметкері Айгүл Азбергенова осындай жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген маман. 1989 жылы Қызылорда қаласы Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген ол мектепті бітірген соң Алматы республикалық медициналық колледжіне грантқа оқуға түседі. Аталған оқу орнында екі жыл білім алған жас маман отбасылық жағдайына байланысты Қызылорда медициналық колледжінде оқуын жалғастырады. Оқу орнын тәмәмдағаннан кейін 2013 жылы №3 қалалық емханаға әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналасады. Бүгінде емханада еңбек етіп келе жатқанына 7 жылдан асты. Осы уақыт аралығында ол өзінің табандылығымен, сабырлығымен, төзімділігімен, жанашырлық және қамқорлық сынды асыл қасиеттерімен көптің көңілінен шығып, тек алғысқа бөленіп келеді.
  Әлеуметтік қызметкер Айгүл Азбергенова мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналар мен жалғыз басты қарттарға және 65 жастан асқан қарияларға медициналық тексеруден өтуге көмек береді. Одан бөлек, онкология, туберкулез сынды қауіпті індетпен есепте тұрған науқастардың жағдайы да әлеуметтік қызметкердің бақылауында. Жалпы әлеуметтік қызметкер қамқорлыққа зәру жандардың барлығына медициналық тексеруден өтуге көмек жасап қана қоймай, оларға үй жағдайында денсаулығын қадағалап, қажетті көмегін береді. Әлеуметтік–психологиялық тұрғыда қолдау көрсетеді.  
Әлеуметтік қызметкер болу үшін темірдей төзім, салқын сабыр керек. Бұл әрине, үлкен жүрек иесіне ғана тән қасиет. Айгүл Азбергенованың бойынан осындай қасиетті көруге болады. Өз қарауындағы әрбір жанға қашанда жан жылуын силауға әзір тұратын оның мейірімінің арқасында бүгінде өмірлік ауыр жағдайда қалған көптеген адам қиындықтарын еңсеріп келеді.
 Айгүл Азбергенова үшін еңбегенің ең басты өлшемі өзі қызмет көрсететін қарттардың  ризашылығын алу. Осы күнге дейін көптің тек ақеден алғысына бөленіп келе жатқан әлеуметтік қызметкер жұмысында абыройлы маман болса, отбасында балаларына ардақты да асыл, қамқор ана.
12 қазан 2020 ж. 31