Ақ халатты абзал жан

Жақсы дәрігер адамдарға көмектессем деген ізгі ниет арқылы Алланың разылығына бөленеді, сонымен қатар адамдардың да алғаусыз алғысын алады. Адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандар қашан да халық арасында үлкен бедел мен құрметке ие. Бірақ олар үшін осындай абыройға бөлену оңай емес. Ол үшін кәсіби жоғары біліктілік, өз мамандығыңа деген шексіз сүйіспеншілік қажет. Өйткені, дәрігер адам тағдырына жауап береді. Міне, осындай мамандар арамызда да аз емес. Солардың бірі №3 қалалық емханада педиатр кеңесшісі қызметін атқаратын Динара Шоқыбаева. Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 1988 жылы дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы А.Яссауи атындағы қазақ-түрік медицина университетіне түсіп, оқу орнын педиатр мамандығы бойынша тәмәмдап шығады. Жас маман білім-біліктілігін арттыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық медициналық Академиясында ультра дыбысты зерттеу мамандығы бойынша бітіріп шығады. 2015 жылдан бастап №3 қалалық емханада аймақ дәрігері болып қызмет атқарды. 2019 жылдан бері қарай педиатр кеңесшісі болып жұмыс істеуде.Жұмыстың жауапкершілігін жете түсінетін маман “Дені саудың – жаны сау” қағидасын берік ұстанады. Және алдына келген науқасқа үлкенге де, кішіге де тиісті ем-дом жасап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Балалардың денсаулығына алаңдайтын дәрігер жеткіншектерге ата-ана бей-жай қарамай, аса мұқият болса, кез-келген аурудан сақтауға болатынын айтады.Дәрігер мамандығын таңдағандарға үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер маман ретінде өзін адам өмірінің арашасы екенін білуге тиіс. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» дегендей, ауру жанға батқанда міндетті түрде ақ халаттылардың көмегіне жүгінеміз. Олардан қамқорлықты сезінеміз, нық сеніммен, үмітпен қараймыз. Осы сәтте білікті дәрігердің алдыңнан шығып, жылы қабақ танытып, ем жасауы жанға шипа болары сөзсіз. Динара Жалғасқызы осындай ақ халатты абзал жандардың қатарынан.


14 қазан 2020 ж. 11