Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған жан

Дәрігер ісі – ең жауапты әрі қиын сондай-ақ адалдықты қажет ететін маман иесі. Сырқаттанып, ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген, күндіз-түні адам жанының арашашысы болып жүрген ізгілікті маман иелері осы ақ халатты абзал жандар. Осынау ізгі жандардың науқастарды емдеуде, оларды ауруынан айықтыру жолындағы еңбектері айтарлықтай.  
Міне, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі №3 қалалық емхананың дәрігерлік консультативтік комиссия төрайымы, педиатр Гүлнәр Битаева. Ол еңбек жолын 1978 жылы Шиелі ауданы Тартоғай ауылында ауылдық ауруханада бастаған. Ол кезде Тартоғай - ауылдық округ болған және Сырдария ауданына қараған. Аталған емдеу мекемесінде дәрігер 1998 жылдан бері қарай аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған. 27 жыл табан аудармастан ауылдық ауруханада еңбек еткен Гүлнәр Есенгелдіқызы халықтың алғысы мен ыстық ықыласына бөленіп, абыройлы болды.
Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған тәжірибелі маман өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Алдына келген емделушінің көңілін аулап, жылы сөзбен ем жасау әрбір ақ халатты абзал жанның міндеті болуы тиіс деп санайды ол. Міне, содан кейін, жасалған ем-домның да нәтижесі жақсы болатынын айтады. Гүлнәр Битаева медицина саласын жан-жүрегімен таңдаған.
«Бұл салада өз мамандығын сүйетін адам ғана жұмыс жасау қажет», дейді ол. Себебі мамандыққа адалдық ол басты міндет. «Жұмысты махаббатпен, тиянақты орындаған кезде одан нәтиже болады», дейді дәрігер.
Ол 2014 жылдан бастап №3 қалалық емханада балалар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 2017 жылдан бүгінге дейін дәрігерлік консультативтік комиссия төрайымы қызметінде. Ақ халатты абзал жан бүгінде ақ халатына дақ түсірмеген абзал жан ғана емес, отбасында сүйікті жар, балаларына ардақты ана, немерелерінің қамқор әжесі.
11 қаңтар 2021 ж. 8